2023-2024 оқу жылы
Ата-аналарға арналған кеңес
«Балабақша туралы не білу керек»
әдіскер – С.Д.Калманбаева
Бейімделу кезеңі - 1,5-3 жас аралығындағы сәбилер үшін үлкен сынақ. Бейімделуден туындаған стресстік реакциялар баланың эмоционалды жағдайын ұзақ уақытқа бұзады.
Балалардың басым көпшілігінде балабақшаға алғаш келген кезде мұрындарынан су ағып, қызулары көтеріліп сырқаттану белгілері болады. Бұл баланың бейімделу процесінің бір белгісі. Балабақшаға бала алғаш келгенде жиі ауырады.
Стресстің себебі неде?
Балада жаңа ортаға бейімделу механизмі әле де болсын жетілмеген. Балабақшада бәрі басқаша. Мұндағы тәртіп үйдегіден ерекшеленеді. Осыған байланысты баланың ішінде дұрыс емес қылық жасап қоямын ба деген қорқыныш пайда болады. Ата-аналар осыған дайын болуы керек. Балабақшаға толық бейімделу 2-3 айдан кейін пайда болады. Сіз балаға қалай көмектесе аласыз? Балаға сүйікті ойыншығын балабақшаға бірге алып баруға рұқсат етіңіз. Сонымен қатар отбасы мүшелері бар кішірек фотосуретті қалтасына салып жіберуге болады. Баланы балабақшаға әкелгеннен кейін оны қимай, ұзақ қоштасуды әдетке айналдырмаңыз. Сіз неғұрлым ұзақ тұрсаңыз бала үшін соғұрлым сізді жіберу қиын. Балалардың көбі анасы көзге көрінбесе тезірек тынышталады. Оның көңілі басқа балаларға, ойыншықтарға аударылады. Балалардың бейімделуі баланың психикасы мен мінезіне байланысты бір-екі аптаға созылуы мүмкін. Толық бейімделу 2-3 айдан кейін болады.
Баланы балабақшаға берудің бірнеше жағымды жақтарын білген дұрыс.
Біріншіден, балабақшаға барған бала тәуелсіз бола бастайды. Ол өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларына үйренеді. Өзі кинеді, өзі шешінеді, ұйқыдан кейін беті-қолын жуады, өздігінен тамақ ішеді т.с.с. Екіншіден, балабақшада үйге қарағанда балалардың ойнауына көп көңіл бөлінеді. Балалар дене шынықтыру іс-әрекетінде, серуенде көптеген қимылды ойындар ойнайды. Бұл балаларды физиологиялық дамытады. Үшіншіден, балабақшаға барған бала ұжымда өмір сүруге, өзгелермен қырым-қатынас құруға үйренеді. Олар өзгелердің айтқанын тыңдауға, олардың ойларымен келісуге, кейде керісінше өз ойының дұрыстығын дәлелдеуге үйренеді. Төртіншіден, балабақшаға барған балалар өздерінің эгоцентризмдерінен арылады. Егер үйде бала оның айтқаны ғана дұрыс, оның ойымен бәрінің келісуі керек деген ойда болса, балабақшада ондай мүмкіндік жоқ Ересектердің көңілі барлық балаға бірдей бөлінеді. Әр баланың өзінің жеке ойы бар. Бір ойыншықпен бөлісе, өзара келісе ойнау керек.т.с.с. Сонымен қатар, баламен үйде ақырын балабақша туралы әңгімелесіңіз. Балабақшаға балалар не үшін баратынын, онда олар немен айналысатынын түсіндіріп көріңіз.